ТҮРКІСТАН: ТҰҚЫМБАҚТАҒЫ КӨШЕТ САНЫ 10 МИЛЛИОНҒА ЖЕТКІЗІЛЕДІ
ТҮРКІСТАН: ТҰҚЫМБАҚТАҒЫ КӨШЕТ САНЫ 10 МИЛЛИОНҒА ЖЕТКІЗІЛЕДІ
2021 жылы Түркістандағы тұқымбақтағы жалпы көшет саны 10 миллионға жеткізіледі. Осылайша қаланың жасыл белдеуін қалыптастыру жұмыстары жалғасып, отырғызылатын ағаш көшеттерімен толық қамтамасыз етіледі. Бүгінде мұнда күзгі көшет егуге арналған 3000 га жерде жер жырту жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағы бүгінде 8650 гектарға жетті.
Аталған жұмыстар жергілікті климатты өзгерту үшін қолдан орман жасау жобасын жүзеге асырған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр. Қазірде қалада 2 млн-ға жуық жапырақты, көпжылдық ағаш көшеттері жайқалып өсіп тұр. Қала жан-жақтан жасыл желекке оранып, 120 000 шаршы метр жерге қоршау орнатылды. Ұңғыма қазу, су жүйелері жүргізілген. Қаланың іші мен айналасын көгалдандыру жаңарған шаһардың құрылысындағы маңызды мәселелердің бірі.
Биыл да өңірде шаған, терек, қайың, қарағаш, арша, үйеңкі ағаштары отырғызылады. Жаңа аэропорт жолындағы 100 га астам жерге қарағаш, терек, үйеңкі, шаған, боз арша, талшын ағаштары егілген. Сондай-ақ, көше бойына жапондық сафора, сирия розасы мен аморфа сынды экзотикалық өсімдіктер отырғызылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі