Шымкентте көлікпен балаларды соғып кеткен жасөспірім сотталды
Шымкентте көлікпен балаларды соғып кеткен жасөспірім сотталды
Ауыр жарақат алған бала оқиға орнында көз жұмған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкентте джип көлігін рұқсатсыз айдап кетіп, балаларды соғып кеткен жасөспірім сотталды, деп хабарлады ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент қаласының 17 жастағы тұрғыны кешкі сағат 18.00 шамасында қатты жылдамдықпен айдап Әлімбетов көшесінің бойында ойнап жүрген балаларды көлігімен соғып кеткен.
Екі бүлдіршін жеңіл жарақат алса, үшінші бала көлік соққысының салдарынан жақын маңдағы үй қоршауына барып мертіккен.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем дәрігерлері жарақат алған екі баланы ауруханаға жеткізген. Өкінішке қарай, ауыр жарақат алған бала оқиға орнында көз жұмған.
Қайғылы жағдай өткен жылдың қыркүйек айында орын алған. Балаларды соққан джип көлігін кәмелетке толмаған 17 жастағы бозбала тізгіндеген.
Жасөспірімнің көлік жүргізу куәлігі де, тәжірибесі де болмағаны анықталған. Туысының қымбат көлігін рұқсатсыз мініп кеткен жасөспірім көлікті басқара алмай қалған.
Кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты ҚР ҚК нің 345 бабының 3-ші бөлігімен қылмыстық іс қозғалып,
Шымкент қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындаған.
Сотталушы жасөспірімді сот кінәлі деп танып, бір жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
http://ernur.kz/shymkent/shymkentte-kolikpen-balalardy-soghyp-ketken-zhasospirim-sottaldy