Жарнамалардың қазақша аудармасы жаға ұстатады

Жарнамалардың қазақша аудармасы жаға ұстатады

Сауатсыз аудармалар тағы да қаптады.

Жарнамалардың қазақша аудармасы жаға ұстатады

 

Орыс тілінде дұп-дұрыс, бірақ қазақшасы қисық-қисық жарнамалар біздегі тіл туралы заңның осалдығын бетімізге басып тұрғандай. «Мужские дубленки» дегенді «аталық тондар» деп аударып жүргендердің әрекеті жазасыз қалып жатыр, деп хабарлады ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Сақау жарнама һәм сауатсыз аударма. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері дерсің. Жауыр болған тақырыптан қорытынды шықса кәне? Жоқ. Кей пысықайлар қазақ тілінің қадірін қашырып, келеке қылуды доғарар емес. Осыған дейін желіде жарияланған мына аудармаларды көріп, қазақ тілінің ең бай әрі көрнекті екеніне күмәнмен қарайсың. Жазушы әрі аудармашы Камал Әлпейісова мұндай масқараның неше атасын көрдім дейді.

«Пресс для чеснока» дегенді «баспасөз үшін сарымсақ деп жазып қойыпты. «Кот-д’Ивуар» деген қаланың атын «мысық д’Ивуар» деп аударып қойыпты. Соған ұялмайды. Мінекей, мына жерде де, үшінші қазақстандық ғарышкер ұшты дейді. Былай қарап тұрсаң қате жоқ сияқты. Орны ауысып кеткен, — дейді филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы Камал Әлпейісова.

Мемлекеттік тіл туралы заңды пысқырмайтын тағы бір мысал. Халық жиі қолданатын, яғни әуе, пойыз билеттерін сататын сайттың қазақшасына тіптен қарның ашады. Әуелі әріп қатесі. Одан кейінгі сложный маршрут тіркесін «қиын маршрут» деп емес, «күрделі бағыттар» деп тігісін жатқызуға болады. «Атақты бағыттар» дегені де көзге тұрпайы көрінеді. Мысалы, «сұранысқа ие бағыттар» деп жұмсартуға ұйқасып-ақ тұр.

«Аямай айыппұлды салып, тіл туралы заңның ережелерін бұзатын, көрнекі ақпараттың қазақшасын қоймайтын кәсіпорындарға. Және қойса да қате-қате аударып. Тіл деген мемлекеттің, елдің ең басты құндылығы болғаннан кейін адам құсап мәдениетті түрде айтудан түсінбесе, заң күшімен шешуге болады. Талап ету әрбір азаматтың борышы деп есептеймін», — дейді филология ғылымдарының докторы Оғыз Доған.

Біздегі «азаматтық борыш» ұғымы көбіне осындай қателерді әлеуметтік желіге жүктеп, сөзбен сыбап-сыбап алумен шектеледі. Тіл туралы заңның орындалуын қадағалайтын білдей бір басқарма ай қарап отыр ма деген ойға қаласың. Өрескел қателердің өріп жүргенін олар да жасырмайды.

Орыс тіліндегі мәтіндер қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылып, мағына бұзылып орналастыратын жарнамалар да кездеседі. Сондай кезде біз кәсіп иелеріне тілдік норма талаптарын жан-жақты түсіндіреміз. Және жарнаманы орналастырмастан бұрын тексертулерін, және осындай қызметтерді тегін ұсынатынын айтып өтеміз», — деді қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы маманы Айгүл Иманғали.

Иә, басқарманың ең қатал деген жазасы осы. Кәсіпкерлер көбіне кәсіби аудармашыларға ақшасын қимайды. Яғни өзге тілді сықитып қойып, қазақшаға келгенде қолдарының тарылып қалатыны бар. Алайда ақысыз қызмет ұсынып тұрса да, өзінің шимай-шатпақ аудармасын құп көреді олар.

«Бір ағылшын турист келсе, жапон турист келсе, неміс турист келсе, ол не деп ойлайды ойласаңыздаршы. Бұл кімнің мемлекеті деп ойлайды?», — дейді филология ғылымдарының докторы Оғыз Доған.

Ал бұл сұрақ әзірге ешкімді алаңдатпайтын тәрізді. Тіл жанашырлары мәселені тек айыппұл мен қатал заң арқылы ғана шешуге болады дейді. Иә, тәуелсіздіктің 30 жылын артқа тастасақ та, біздің деңгей «Мысық д,Ивуардан» әрі аспай тұр.

http://ernur.kz/kazakstan/zharnamalardyn-kazaksha-audarmasy-zhagha-ustatady

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *