Президент бірқатар басшыны жұмыстан босатуды тапсырды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен «СК-Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын немесе тергеуге алынуы керек, деді Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес саласында туындаған қиындықтар үшін кінәлі адамдарды жауапқа тартуға тапсырма берді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент медициналық көмек пен аса қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді ету мәселесіне тоқталды. Осы орайда тергеу жүргізу қажеттігін айтты. Ал жұмысын дұрыс атқармаған басшылар қызметінен кетуі керек.
«Тергеу жүргізу керек. Қазіргі қиындықтарға кінәлі барлық адамды жауапқа тарту қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен «СК-Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын немесе тергеуге алынуы керек», — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы дәрілердің жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін шешу қажеттігін жеткізді.
«Бұл жағдайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді нәтиже керек», — деп түйіндеді Тоқаев.
https://sputniknews.kz/society/20200710/14444210/rezident-basshy-zhumys.html