Алматы облысы бойынша биыл 10 кәсіпорын саудаға шығарылады

Астана. 17 мамыр. Baq.kz — Алматы облысы бойынша коммуналдық меншіктегі 53 кәсіпорын 2016-2020 жылдары бәсекелестік ортаға беру жоспарына еніп отыр. Оның ішінде биыл 10 кәсіпорынды сауда-саттыққа шығару көзделуде. Ал қалған кәсіпорындар 2017-2020 жылдар еншісінде, деп хабарлайды Baq.kz.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлімбаев мәлімдеді. Оның сөзіне сүйенсек, нысандарды сауда-саттыққа қою бойынша заңда шектеулер көзделген, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік үлесі 100% құрайтын АҚ (ЖШС) үш реттен кем емес сауда-саттыққа қойылады.

Сатылмаған жағдайда таратылуға жатады. Нысанды екінші және үшінші рет сауда-саттыққа қою кезінде бастапқы бағаны 50%-ға төмендету әдісі қолданылады. Сауда-саттыққа жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар қатыса алады. Тендер өткізу барысында комиссия сатып алу құнын жоғары ұсынған және тендер талаптарына келісетін жеңімпазды анықтайды деп отыр мамандар.Брифингте, сондай-ақ, қаржы басқармасының өкілдері облыстағы мүлікті жария ету бағытындағы жұмыстарға да тоқталып өтті.

Елбасы Н. Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында мүлікті жария ету мерзімі ұзартылғаны туралы айтқаны баршамызға аян. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандырулар қабылданды. Құпиялылық пен сот қудалауынан қорғауға кепілдік берілді. Осы тапсырманы орындау мақсатында қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіліп, мүлікті жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.Облыс аумағындағы аудан-қалалық әкімдіктердің мәліметі бойынша, 2016 жылдың 16 мамырына мүлікті жария ету бойынша аудандық, қалалық комиссиялардың қарауына 29 215 өтініш келіп түскен (жалпы сомасы 200,0 млрд. тенгеден астам). Оның 2087-сі қайтарылған. Ал 26 533 өтініш бойынша оң шешім қабылданған.Жекешелендіру және мүлікті жария ету бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар облыс әкімдігінің қатаң бақылауында және мемлекеттік мекемелермен жұмысты сапалы және мерзімінде орындау үшін барлық қажетті жұмыстар атқарылуда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *