Елiмiзде мемлекеттiк функцияларды нарыққа өткiзуге дайындық жүрiп жатыр

Астана. 17 мамыр. Baq.kz — Қазiргi уақытта мемлекеттiк органдардың функцияларын бәсекелес ортаға өткiзу бойынша дайындық жүрiп жатыр. Жыл сайын мемлекеттiк органдар бәсекелес ортаға және өзiн-өзi реттеушi ұйымдарға берiлетiн функцияларға түгендеу жүргiзедi. Бұл туралы бүгiн Мәжiлiсте ҚР Ұлттық экономика министрiнiң бiрiншi орынбасары Марат Құсайынов айтты, деп хабарлайды Baq.kz.  

Марат Құсайынов баяндағандай, Ұлт жоспарының 97-шi қадамын жүзеге асыру мақсатында биыл қаңтарда мемлекеттiк органдардың функцияларын бәсекелес ортаға өткiзу мәселелерi бойынша ұсыныстар әзiрлейтiн комиссия құрылған.

«Бүгiнде мемлекеттiк органдардың функцияларын өзiн-өзi реттейтiн ұйымдарға өткiзудiң амалдары бекiтiлгенi мәлiм. Бәсекелес ортаға функцияларды өткiзудiң алгоритмiн заңды түрде анықтау келесi қадам болуы тиiс. Қазiргi уақытта бiз тиiстi заң жобасын әзiрлеп жатырмыз», — деп хабарлады вице-министр.

Бұл құжатты комиссияның отырысында шiлдеде таныстыру жоспарланған. М.Құсайынов мемлекеттiк органдардың функцияларын бәсекелес ортаға өткiзу бойынша ұсынылып отырған алгоритмдерге тоқталды.

«Бiрiншiден, жыл сайын мемлекеттiк органдар бәсекелес ортаға және өзiн-өзi реттеушi ұйымдарға берiлетiн функцияларға түгендеу жүргiзедi. Биылғы жылы бұл жұмыс мамырдың соңына дейiн жүргiзiледi. Екiншiден, нарықтың дайындығына талдау жасалады. Мемлекеттiк органдар мен бәсекелес орта және үкiметтiк сектор арасындағы қарым-қатынаста негiзгi рөлдi Ұлттық кәсiпкерлер палатасы мен Қазақстан азаматтық альянсы атқарады. Үшiншiден, түгендеу жұмыстары мен нарықты талдау негiзiнде комиссия Үкiметке ұсынымдар әзiрлейдi. Бұл қадам бойынша жұмыстар қыркүйекте аяқталады», — дейдi ол.

Осыдан кейiн Үкiмет мақұлдаған ұсыныстарды ескере отырып, мемлекеттiк органдар функцияларын нарыққа заңнамалық жұмыс арқылы өткiзуге кiрiседi.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *