Құс фабрикасы қуатын арттыруда

Сенбі күні аудан әкімі Серік Шайдаров Құрма ауылына арнайы барып, құс фабрикасының жұмысымен танысты. Мұнда «Орталық-құс» ЖШС мен «Құрма агрофирмасы» ЖШС орналасқан.
Республикамыздағы құс еті мен жұмыртқа өндіру бойынша ең ірі саналатын аталмыш фабрикаларда бүгінгі таңда 800 мыңнан астам құс басы бар екен. Күніне 170 мың дана жұмыртқа өндіреді. Жаңа озық технологиялармен жабдықталған. Бұл еңбек өнімділігін өсіретіндігі сөзсіз. Бұрынғы құс қораларын қайта ретке келтіріп жатыр. Жалпы, фабрика 1969 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 250-ден астам адам еңбек етеді. Жылына 4 млн. инкубациялық жұмыртқа өндіріледі.

Құс қораларын кезең-кезеңмен қайта жарақтандыру өндірістің кідіріссіз, табысты жұмыс істеуіне алғышарт жасап отыр. Таза, жарық қорада құсты азықтандыру, саңғырығын тазарту жұмыстары автоматтандырылған. Нәтижесінде цехтардағы жұмыс та анағұрлым жеңілдеген. Замануи ауа реттегіштер орнатылған. Инкубация цехы, балапан өсіру цехы, өндірістік топтарға арналған цехтары, жұмыртқаларды сұрыптау цехы, құс сою цехы, зоотехникалық және ветеринарлық зертханалары бар. Мұнда өнімнің сапасы қырағы қадағаланады. Тауықтарды азықтандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Бұл тауықтардың өнімділігін арттырып, жұмыртқаның сапасын жақсартады екен.

Облыс халқының азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге зор үлесін қосып келе жатыр деуге болады. Қос құс фабрикасының жұмыртқалары қол жетімді бағамен саудаланады. Зақымдалған жұмыртқаларды да іске асырады. Жұмыртқа ұнтағын дайындап, кондитерлік фабрикаларға жөнелтеді екен.

Фабриканың ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқаны өндірісін ұйымдастыру және жұмысты жүйелі жүргізудегі қалыптасқан дәстүр мен оның технологиялық қуатының мықтылығы да ықпал еткені сөзсіз.

Аудан әкімі өндірістің қуаттылығымен, жұмыс процессімен, болашақтағы даму бағдарламасымен танысты. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алып, инвестициялық жобаларын іске асыру ниеттерін сұрап білді. Ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлесін қосып келе жатқан фабрика жұмысшыларына, басшыларына сәттілік тіледі.

Асылбек ТОЙБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *