ҚХА көрме залында 500 экспонат ұсынылған

Астана. 13 мамыр. Baq.kz — Қала тұрғындары мен қонақтары ҚР Ұлттық музейінде ашылған Қазақстан халқы Ассамблеясы және көп этносты Қазақстан көрме залында елімізде тұрып жатқан этностардың тарихымен етене таныса алады. Мұнда келушілер назарына түрлі халықтардың көне, тұрмыстық заттары мен музыкалық аспаптары ұсынылған. Ал әдемі ашық түсті ұлттық костюмдер киген қозғалатын фарфор мүсіншелер экспозицияның ерекшелігі болып табылады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Залдағы саяхат «Қоныс аудару» атты үлкен диорамадан басталады, онда қазақ халқының қонақжайлылығы мен кішіпейілділігі көрініс тапқан. Сондай-ақ, алғашқы қоныс аударушылардың – өзге ұлт өкілдерінің нәрселерін тамашалауға болады.

Экспозициялар қатары Қазақстан аумағында тұрып жатқан 39 этностың музейлік маңызды заттарымен толықтырылған.

– Мұнда Қазақстан халқы этностарының қоныс аудару хронологиясы пайдаланылған, мысалы, бірінші болып ІХ ғасырдың 70-80 жылдары орыстар, украиндар көшіп келген. Содан кейін ұйғырлар, дүнгендер, корейлер, көрменің экспозициялық қатары да осы кезекпен құрылған. Жалпы, экспозицияда 500 экспонат ұсынылған, олардың басым бөлігі – ҚР Ұлттық музейінің қорынан алынған, музейлік маңызы бар заттарды ұсынуға «Келісім» бірлестігі де ниет білдірді, сондай-ақ, елшіліктермен, мәдени орталықтармен де жұмыс істедік, – дейді ҚР Ұлттық музейі экспозициялық-көрме жұмысы қызметінің жетекшісі Тоғжан Әділбекова.

Тұрмыстық заттардан, ыдыс-аяқтан, музыкалық аспаптардан, әшекейлерден, киім кешек пен қару-жарақтан әр этностың ұлттық колоритін байқауға болады. Ұйғыр диаспорасы асқабақтан жасаған бірегей құмыра; шарап ішуге арналған грузин ритоны; Әзербайжандағы әйгілі қыздар мұнарасынан кішкентай кәдесыйы; корей желпуіштер және т.б. стендтерге қойылған. Қазақ мәдениетіне, көшпенділер өркениетіне арналған арнайы стенд жасалған.

Әлемнің түрлі мемлекеттерінің президенттері мен делегациялары құрмет пен ризашылықтың белгісі ретінде Мемлекет басшысына және елордаға тарту еткен сыйлықтарға жеке орын бөлінген. Көрме залындағы ерекше элемент – Нұрсұлтан Назарбаевтың «Оңшылдар мен солшылдарсыз» кітабы. Мемлекет басшысы бұл еңбегінде соғыстан кейінгі жылдары этникааралық өзара қарым-қатынасты құру туралы естеліктерімен және өмірлік тәжірибесімен бөліседі, халқы достық пен келісімде, тату-тәтті өмір сүрген «интернационалды» ауыл туралы айтады.

Үнемі қозғалыста болатын керемет фарфор мүсіндер келушілерді тәнті етеді. Фигураның көлемі – 70 см. Бұл ұлттық киім киген ерлер мен әйелдердің мүсіндері.

– Бұл жерде қазіргі кезде саны жағынан ең көп этностардан 9 жұп ұсынылған. Олардың ұлттық киімдерінің бейнесі Үлкен қазақ энциклопедиясынан алынған. Фарфор мүсіндер қою сияқты экспозициялық шешімді – осындай ерекше дизайн, витриналар, подиум жасап, олардың қол ұстасып айналып тұрғандай қозғалыста болуын біздің экспозиционер мамандарымыз ұсынған, – дейді Т. Әділбекова.

Мұнымен қоса, залда Қазақстанның барлық аймақтарын аралап шыққан Тайқазанды көруге болады. Бұған дейін ол тарих залында тұрса, енді осы экспозициядан өзінің лайықты орнын тауып отыр.

Музей қызметкерлері көрме залын басты залдардың бірі деп санайды және келушілерді қуантып, оларды түрлі этностардың мәдениеттерімен таныстыру үшін оның ұдайы жаңа экспонаттармен толықтырылып отыратынын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *