ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДЫҢ ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҚАРИЯЛАРЫ ҰЛТТЫҚ САНАҚҚА ҚАТЫСТЫ

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДЫҢ ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҚАРИЯЛАРЫ ҰЛТТЫҚ САНАҚҚА ҚАТЫСТЫ

Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылының 101 жастағы тұрғыны Забира Смаилова әжейдің әулеті ауылдық округтің мамандарының көмегімен Ұлттық халық санағына онлайн тіркелді. 1920 жылы дүниеге келген қария ашаршылық пен жоқшылықты басынан өткізіп, екінші Дүниежүзілік соғыстың куәгері болған кейуана 9 перзенттің анасы. Тың игеруге қатысып, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары тұралап қалған ауылдарды қалпына келтіру ісіне атсалысқан.


Қолына кетпен алып шабық шауып, масақ терген. Диірменде ұн өткізіп, мал да баққан. Адал еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленіп, кеңес дәуірінде өмір бойы колхозда қарапайым жұмысшы болып, белі талмай еңбек еткен қарияның өмір жолы көпке үлгі боларлықтай. Ғасыр жасаған қарт ана елде жақсылықтың толастамауын тілейді.
«Осындай тоқшылықта, бейбіт елде өмір сүріп жатқан сендер бақытты ұрпақсыңдар ғой. Оқ пен оттың қатері жоқ. Сондықтан, қолда бар құндылықтарды бағалай білу керек. Кезінде аш та болдық, жәутеңдеп үреймен өмір сүрдік. Бүгін міне, өз еркіміз өзімізде. Тәуелсіз елміз. Барымызға қанағат жасап, болашаққа жақсы үміттермен өмір сүре білейік. Қашан да еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», деген Забира әжей елдегі болып жатқан жағымды жаңалықтардан да хабардар екенін білдіріп, елді ынтымақ-бірлікке шақырды.


Оның 9 перзенттен тараған 40 немере мен 120 шөберенің үлкен әулетке айналғанын айтуға болады. Кезінде қолымен канал қазып, жер жыртып, мақта терген, түйекеш те болған әжейдің үлкен ұлы Төлеген Смаиловтың өзі бүгінде 70-тен асқан. Мемлекеттік есеп – халық санағының жүргізілуін дұрыс деп біледі. Өз отбасымен белсене қатысып отыр.
«Санақтың жүргізілуі өзіміз үшін маңызды. Өйткені, осы санақ арқылы бәріміздің есебіміз жүргізіледі. Жалпымемлекеттік есепке алынған соң біздің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік жағдайымызға, өсімімізге қарап мектеп, балабақша, аурухана, үй салады. Оның игілігін өзіміздің перзенттеріміз, халқымыз көреді» дейді ол.


Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында жасы 100-ден асып, ғасырды ғасырға жалғаған 6 қария тұрады. Ұзақ жасаушылардың 5-і қарт әжелер болса, 1-і ақсақал қария. Бәрі де тыл ардагері. Маңдай терімен шөл даланы гүлдендірген ұзақ жасаушылар жергілікті жердегі әкімдіктер арқылы жалпымемлекеттік санақтан онлайн өтіп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *