Нұрсұлтан Назарбаев «Азия-Еуропа» форумының ХІІ саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы саммиттің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қақтығыстардың көбеюі, санкция және сауда соғыстарының өршуі жағдайында халықаралық саясат шиеленістің шегіне жетіп отырғанын атап өтті.

– Біз бүгінгі «Азия-Еуропа» форумының саммитін осы проблемаларды шешу үшін пайдалануымыз қажет. Өкінішке қарай, қазіргі кезде әлем табысты диалог пен өзара түсіністікке қол жеткізе алмай келеді. Бәріміз өткен ғасырдың 60-жылдарындағы Кариб дағдарысын еске салатын бүгінгі экономикалық және саяси текетірестерге куә болып отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл саммит АҚШ, Ресей, Қытай сияқты әлемнің ірі елдерін, Еуропа Одағын халықаралық шиеленістерді шешудің жолын іздеуге шақыруы қажет екенін айтты.

– Егер Сириядағы, Украинадағы және өзге де елдердегі проблемаларды реттемесек, ахуал одан да күрделене түседі. Баллистикалық ракеталардың таралу қаупі сейілмейінше, халықаралық терроризм басты мәселе болып қала бермек, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы жағдайдың күрделене түсуіне байланысты кейбір кедей мемлекеттердің ахуалы одан әрі қиындайтынын айтып, адамзат үшін оның елеулі қауіп-қатер саналатынын атап өтті.

– Мемлекеттер көшбасшылары Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін де, терроризмге қарсы күресте де өзара тіл табыса білді. Сондықтан, мен АҚШ, Ресей, Қытай елдерінің, сондай-ақ Еуропа Одағының басшыларын диалогқа шақырып, өзекті проблемаларды талқылау үшін Астана алаңын пайдалануды ұсынамын. Бұл мәселе БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында да қарастырылуы мүмкін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Азия мен Еуропадағы жаһандық сын-тегеуріндерге қарсы тұруға бағытталған серіктестікке белсенді атсалысуға дайын екенін тағы да атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *