Маңғыстауда блок бекеттер қайта қойыла бастады

Облыстың бас санитар дәрігерінің бұйрығына сәйкес өңірдегі шектеу шаралары 13 шілдеге дейін жалғасады

 Бүгіннен бастап Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының аумағында блок бекеттер орнатылып, шектеулер енгізілді. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық байланыс орталығы хабарлады,  деп жазды Sputnik кз. 

Мұндай шешімді өңірде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб қабылдаған.

«Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып Рахат, Теңге, Қызылсай ауылын (Сенек, Бостан, Құланды, Болашақ ауылын қоса алғанда) 25 маусым күні сағат 00.00-ден 2020 жылдың 13 шілде күні сағат 07.00-ге дейін карантин режимі және бірқатар шектеу шаралары енгізіледі», — делінген аймақтағы бас санитар дәрігердің қаулысында.

Жаңаөзен қаласы, Қарақия ауданы мен Ақтау арасындағы жолға блок бекеттер қойылады.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі Бейнеу ауданындағы он ауылдың кіреберісіне бақылау-өткізу пункттері құрылғанын хабарлады. Сондықтан да жергілікті тұрғындардың негізсіз шығуы шектеледі.

Ал ауыл-аймақтар арасында мобильді топтар құрылып, отбасылық жиындар мен діни рәсімдер және басқа да шаралар өткізуге тыйым салынады.

Іргелес ауыл тұрғындарының азық-түлік үшін Бейнеу ауылына 14:00 мен 18:00 аралығында кіріп-шығуына рұқсат етіледі.

Аймақта полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігіне байланысты аудандағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға көмектесу үшін қосымша 18 полицей жіберілді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Маңғыстауда 449 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталып, 344 науқас жазылып шықты. Екі адам қайтыс болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *