ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛҒАН ЕЛДІ МЕКЕНДЕР САНЫ АРТТЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛҒАН ЕЛДІ МЕКЕНДЕР САНЫ АРТТЫ
«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бойынша өңірде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі аппаратының мәжілісінде кезекті рет талқыланды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кешенді жоспар облыстың дамуына серпін бергенін айта келе бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, облыстың әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, сәтті жүзеге асырылуда. 2021 жылы кешенді жоспарда 93 іс-шараны бастау көзделіп, тиісті жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде 10 іс-шара орындалған. 73 іс-шара бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Ал биыл кешенді жоспар арқылы 99 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Жалпы кешенді жоспар өңірдің экономикалық әлеуетін көтеруге және жеке инвестициялардың келуіне оң серпін берді. Түркістан қаласының инфрақұрылымы толық қаланып, шаһар заман талабына сай түрленді. Бұл – даму тұжырымдамасының Түркістан облысында сәтті жүзеге асып жатқанының белгісі. Өңір басшысы кешенді жоспардың әрбір тармағын сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды.
Күн тәртібінде Түркістан облысының елді мекендерін ауыз сумен қамту мәселесі де талқыланды. 2021 жылы ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша өңірде 58 нысанның құрылысына бюджеттен қаражат бөлінді. Осы арқылы 25 нысан 2021 жылы пайдалануға берілсе, қалған 33 нысанның құрылысы 2022 жылға өтпелі. Нәтижесінде 20 елді мекен (Арыс–1, Сарыағаш –2, Келес–9, Қазығұрт–2, Ордабасы–6) ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 8 елді мекеннің (Келес–1, Төлеби–1, Жетісай–5, Мақтарал–1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылған. 2022 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы 841 елді мекеннің 717-сі ауыз сумен қамтамасыз етілді.
2022 жылы ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша 38 нысанның құрылысына бюджеттен қаржы бөлінді. 28 нысан биыл пайдалануға беріледі, қалған 10 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жоспар бойынша жыл қорытындысымен 24 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 14 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылмақ. Осы жұмыстар нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 741-ге жетеді.
Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету ісі «Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарына» енгізілген. Жоспарға сәйкес, облыстағы 124 елді мекенді (103,3 мың тұрғын) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету, 201 елді мекеннің (544,2 мың тұрғын) тозығы жеткен су құбырларын қайта құру жұмысы атқарылады.
Өмірзақ Шөкеев жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне елді мекендерді ауыз сумен қамту бағытындағы жұмысты күшейтуді, өз ісіне жауапты мердігерлермен ғана келісімшарт жасап, әрбір жобаны қатаң бақылап, соңына дейін жеткізу жөнінде тапсырма берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *