Ағарту саласының үздігі!

Наурызбаева Ләззат Балтабайқызы жылдың үздік мұғалімі!

Республикалық басылымдардан осы жаңалықты оқығанда төбем көкке жеткендей болды. Өйткені бұл менің тұла бойы тұңғышым Арынғазымның апайы. Менің ғана емес ау  мыңдаған ата-ананың үйіндегі тентегін оқытқан ұлағатты ұстаз! Білікті маман. Алтын құрсақты ана!

Ләзат апай Шымкенттегі №80 мектепте бастауыш пәнінен дәріс береді. Яғни мектеп табалдырығын аттаған әр бір оныншы бала осы кісіден әліппе үйреніп, білім нәрімен сусындаған. Менің ұлым да осындай білікті жанның тәрбиесін алып келеді. Бір қызығы апайдың кіші пейілділігі мен бала тәрбиесіндегі тәжірибесі болса керек ұлым мектеп табалдырығын аттасымен топ-топқа бөлініп жатқанда бірден анау тұрған апайдың класына барам,деп қасарысып тұрып алды. Бойында әкесінің қырсық әрі қайсар мінезі бар ұлымның айтқанынан қайтпайтынын білген соң Ләззат апайға жағдайды айтып түсіндірдім. Сыныбында бала саны көп болса да апай қарсы болған жоқ. Қайта құшақ жая қарсы алды. Тіпті баламның апайы мен өз сыныбындағы достарынап үйреніп қалғаны соншалық біз пәтер ауыстырып Қазығұрт мөлтек ауданына көшіп кетсек те ұлым сол мектепте оқып жатыр. Бұл шәкірттің ұстазға деген құрметі болса керек.

Баламның мектептегі үлгерімі мен тәрбиесін қадағалап, білім ұясына жиі барып тұрамын. Кейде ата-аналар жиналысы болады. Сонда Ләззат апайдың бойындағы ізеттілік пен ұлағаттылықты көріп іштей шүкіршілік етемін. Өйткені расын айту керек көп жағдайда біздер жұмыс, күйбең тіршілікпен жүріп бала тәрбиесіне толық мән бере алмаймыз. Үйге келгенде бір сабағын әзер дегенде оқытуға уақыт табамыз. Оның өзін жүйкеміз тозып оқытамыз. Сонда деймін да бір ғана менің тентегім емес сыныптағы отызға жуық баланың күнделікті көңілін тауып, ойын баласының санасына білім нәрін сіңіру қиынның қиыны.

Міне Ләззат апай осындай қиындыққа қарамай 30 жылғы жуық білім саласында еңбек етіп келеді. Осы аралықта мыңдаған баланы білім нәрімен сусындатып, өмірге жолдама берді. Қазір шәкірттерінің алды Министр әкім!

Ләззат апайдың өзі 7-ұл-қыз тәрбиелеп  отырған алтын құрсақты ана. Еліміз егемендік алған жылдары еңбек жолын балабақшада тәрбиеші болып бастаған екен. Жұмыс істеп жүріп жоғарғы оқу орынында оқыған. 1996 жылы қызыл дипломын қолына алып Ө. Жолдасбеков атындағы №9 лицейге жолдамамен жұмысқа тұрған. 2008 жылы сексенінші мектепке ауысып келіпті. Міне содан бері осы жерде бастауыш сыныптарына дәріс береді.

Ләззат апайдың өмірлік жары ішкі істер саласында ұзақ жылдар еңбек етіп қазір зейнеткерлікке шыққан. Үлгілі отбасы иелері 7 перзент сүйіп отырған бақытты жандар. Тұла бойы тұңғышы Астанада оқиды. Бар арманы Мәңгілікті ту еткен Ұлы дала ұрпағының бойына білім нәрін сіңіру. Ләззат апай «Білімді ұрпақ-Ұлт болашағы»,деген қағиданы берік ұстанады.

Мінекей мен білетін Ләззат апай осындай !

Динара Ералиева Ата-ана.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *