Аида Балаева: Экологиялық білім де, мәдениет те мектептен басталуы керек

Аида Балаева: Экологиялық білім де, мәдениет те мектептен басталуы керек

Аида Балаева: Экологиялық білім де, мәдениет те мектептен басталуы керек

Елімізде 117 үкіметтік емес ұйым ғана экологиялық бағыт бойынша жұмыс істейді. Бұл туралы экологиялық білімге қатысты Facebook-тегі KUN.KZ ашық медиа платформада өткен онлайн конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі конференцияда қозғалатын тақырып өте өзекті. Экология қазіргі таңда «соғыс», «апат» деген сөздермен қатар қолданылып келе жатқан ұғымға айналды. Өйткені табиғат — тіршіліктің көзі ғана емес, өмірдің өзі. Сол себепті ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, оған қатысты әрбір келеңсіз жағдай үшін жаны ауырып, ел-жұртты экологиялық мәдениетке, қоршаған ортаны құрметтеуге, табиғатты аялауға шақырды. Осы үндеудің ізін суытпай біздің министрлік жақында ғана «Экологиялық сауаттылық» тақырыбында танымал экологтардың, білікті сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел отырысын өткізді. Нәтиже біз күткеннен әлдеқайда жақсы болды», — дейді Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Оның айтуынша, экология тақырыбы қоғам үшін өзекті мәселе болып қала бермек.

«Дөңгелек үстел отырысын өткізген кезде біз экологиялық тәрбиеге басымдық бердік. Соның нәтижесінде бірнеше бағыт бойынша алда қалай жұмыс істейтінімізге байланысты алгоритм жасалды. Бірінші бағыт — экология саласына қатысты арнайы жобаларды жүзеге асыру. Бүгінгі таңда экологиялық мәселелерді шешуге қатысты жұмыстарға қоғамдық ұйымдар аз тартылған. Осы бағыт бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар саны — 117 ғана. Бұл — мәліметтер базасында тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың 3,3%-ы ғана», — дейді ол.

Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы әлеуметтік жобалар 2%-дан аспайды.

«Әлеуметтік жобалардың жалпы саны 2044 болса, экологиялық бағыттағы саны — 21 жоба ғана. Орталық мемлекеттік органдарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істейтін біздің министрліктен басқа экологиялық жоба жоқ. Екінші бағыт — біз Қоғамдық бақылаудың механизмін күшейтуді көздеп отырмыз. Оның құрамында қоғам белсенділері ғана емес, кәсіби экологтар да бар. Олар экологиялық аудитке қатысты мәселе бойынша мемлекетке нақты көмек көрсете алады. Үшінші бағыт — экология тақырыбы бойынша ақпараттық жұмыстарды жандандыру. Бұл жерде экология саласындағы журналистиканы дамытуға басымдық беріледі. Қоршаған ортаны қорғау туралы елімізде көп айтылып, көп жазылатыны сөзсіз. Осы тақырыпқа қатысты бейнеролик, бағдарлама, фильмдер де бар. Бірақ қоршаған ортаны сақтап қалу, әр адам ол қажеттілікті түйсінгенде ғана жүзеге асады. Мұндай мәдениеттің бастауы білім мен тәрбиеде жатыр», — дейді Аида Балаева.

Оның айтуынша, қалада қой мен ешкіні, шөп пен тікенді ажырата алмайтын бала көп.

«Бұл — ежелден табиғатпен бірге өсіп-өніп, аң-құстың киесін құрметтеген халықтың ұрпағы үшін — үлкен сын. Экобілімді де, экомәдениетті де мектептен бастау керек», — дейді ол.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырған болатын.

https://www.inform.kz/kz/aida-balaeva-ekologiyalyk-bilim-de-madeniet-te-mektepten-bastaluy-kerek_a3684329

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *