Биыл Нұр-Сұлтан, Теміртау, Жезқазған және Қарағанды қалалары ішінара газға қосылады

Биыл Нұр-Сұлтан, Теміртау, Жезқазған және Қарағанды қалалары ішінара газға қосылады

Биыл Нұр-Сұлтан, Теміртау, Жезқазған және Қарағанды қалалары ішінара газға қосылады
Биылғы жылыту маусымына дейін Нұр-Сұлтан, Теміртау, Жезқазған және Қарағанды қалалары ішінара газға қосылады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданы газдандыру жұмысы қалай жүріп жатыр?» деп сұрады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» кеңесінің отырысында.

Бұл сұраққа жауап берген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев өзі жетекшілік етіп отырған компания мен «Самұрық-Қазына» қорының алдына қойылған міндет орындалып, магистральды газ құбырын салу тапсырмасы өткен жылдың соңында аяқталғанын мәлім етті.

«Қазір бұл газ құбыры жұмысқа дайын. Аймақтарда, соның ішінде елордада газ тарататын құбырлар салынып жатқанын білеміз. Осы жылдың жылыту маусымына дейін газ аймақтарға кіргізіледі», — деді Алик Айдарбаев.

«ҚазМұнайГаз» басшысының жауабын тыңдаған Елбасы:

«Сіздердің тараптан бәрі дайын болса, аймақтар бұл істі жалғастыруы керек. Үкіметтен бұл жұмысты қадағалауды сұраймын» деді.

Ал Үкімет басшысы Асқар Мамин болса Нұр-Сұлтан қаласына биылғы жылыту маусымында газ қосылатынын айтып өтті.

«Қазіргі уақытта ЖЭО-2 нысанын газға ауыстыру жұмысы жүріп жатыр. Газды тарататын желілер салынуда. Нұр-Сұлтандағы ірі нысандардың көбі биыл газға қосылады. Сонымен қатар Теміртау, Қарағанды мен Жезқазған қалалары да ішінара газға қосылады. Яғни желі бойындағы ірі қалалардың бәрі де осы жылдың жылыту маусымында газды қабылдауға дайын отыр», — деді ол.

Үкімет басшысын тыңдаған Елбасы тұңғыш рет оңтүстіктен солтүстікке осындай ірі газ құбыры тартылғанын атап өтті.

«Ондай ауқымды жұмыс бірінші рет іске асырылып отыр. Осы игі істің бәрі де халықтың пайдасына жарауы керек. Біріншіден Нұр-Сұлтан қаласының экологиясын түзесек, екіншіден жұмыс қайнаған қалаларды газбен қамти отырып, адамдардың өмірін жақсарта түсеміз», — деді Президент.

https://www.inform.kz/kz/biyl-nur-sultan-temirtau-zhezkazgan-zhane-karagandy-kalalary-ishinara-gazga-kosylady_a3658103

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *