Менің асыл армандарым

Арман – үміт пернесі
Перзентің бе базардың пұлына алаң?
Әлде ол сенің, Ұлы Отан, Ұлы балаң?!
Кім екенін айтпа оның,
Арманын айт,
Арманына қарап –ақ біліп алам!
Қадыр Мырза Әли

«Арман» — адамның қиял-сезімінен туындап, біресе жер бетін түгел шарлап, көкірек көзімен алып істерге жан бітірсе, біресе шарықтай ұшып, заңғар көкке жетелейтін сезім.
Адамға тән қасиет –армандау. Адамның мақсаты болмаса, ештемені де тындыра алмайды. Болашақты армандай білу де ұлы даналық, себебі арман өмірге қызықтырады, оны сұлуландырады, өмірді алға сүйрейді, өрге тартады.
Арман адамның жарық жұлдызы, айқын бағдары, онсыз алға басу да, тірлік те жоқ. Олай болса, алға ұмтылу – өмірдің мақсаты. Адам баласы бір нәрсеге қол жеткізбес бұрын, ол жайлы армандайды. Арманына қол жеткізгендей күй кешіп, өзін бір сәтке бақытты сезінеді. Сол бақытқа біржола жетіп, бал дәмін тату үшін қолдан келгенін жасап бағады. Кім бақытты болғысы келмейді?! Кім арманға қол жеткізгісі келмейді?!
Ертеде ақылы асқан қария жігітке:
— Арман деген не? — депті.
— Ата, арман деген қиял, — депті жігіт.
— Жоқ, балам, арман дегеніміз — ақыл-ойдың шыңы. Құс — ұшсам дейді, бала -өссем дейді, ақылды- дана болсам дейді, ұстаз — шәкіртіне үлгі болсам дейді. Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмай кетеді. Ақымақтың арманы болмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді, — депті қарт.
Ендеше бос қиялға салынбай, дұрыс армандай білген адамның да дегені болып, түптің түбінде су бетіне қалқып шығары хақ.
Атам қазақ «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі бейбіт ғұмырымыз бен тәуелсіздік тұғырымыздың биік болуы да – бір кезде арман болған нәрсе.
Адам баласы болған соң кез-келгенінде арман ұшқындары болмақ. Кезінде біздің бейбіт ғұмыр кешіп, татулықта өмір сүргенімізді арман еткен ата-бабаларымыз желмаясымен жер шалып, ұрпағын сырттан келер қауіптен, қатерден алыс ұстағысы келсе, беріде өткен Абай, Ыбырай, Шоқан сынды заманынан оза туған ақын-жазушыларымыз «қазақ» деген өз атымызды еншілеп, қазақтың қазақ болып қалыптасуын, өз қақысын ажырата білетін ел болуын арман етті. Ал елі үшін қасық қаны қалғанша арпалысқан, аты қазақ халқымен бірге мәңгі жасайтын, тарихта есімі алтын жіппен кестеленген Ахмет, Мағжан, Сәкен, Шәкәрім, Міржақып… сынды тау тұлғалы аталарымыз «сүттей ұйыған» ел келбетін көруді, ешкімге тәуелді болмай, тату өмір кешкенімізді көруді арман етті. Иа, бұлай тізе берсек, жалғаса бермек.
Шүкір, қазағым тәуелсіздік алып, ата-баба арман еткен бейбіт ғұмырға қол жеткіздік. Бір атадан туған баладай бір шаңырақ астында тоғысқан түрлі ұлт баласы бейбіт ғұмыр кешудеміз. Қазақтың көк байрағын желбіреткен ұландарымыз спорт саласынан, білім саласынан қазақ халқының қандай іргелі ел екенін көрсетіп келеді. Әрине, ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктеріміз көп-ақ. Дегенмен бұлдыраған сағымдай қол жеткізбей, арман болған жағдаяттар тағы да алдымызды кес-кестей берді.
Менің елімнің кең байтақ, ұлан-ғайыр екені даусыз. Жаз жайлауды, қыс қыстауды жайлап күн кешкен қазағымның шұрайлы да шырайлы, жұрт қызыға да қызғана қарайтын жері бар. Сол жағалай жайлаған бабамның аманат еткен ұлан-ғайыр жеріне иелік етер қара домалақ балалар көбейіп, қазақ саны артса деп едім… Қонған елдің қулық-сұмдықпен ісі болмай, әділеттілік пен бірлікті ту қылып ұстағанын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін ел болғанын қалап едім…
Тек теңгемен мәселе шешіп жүрген, санасыз параға жол берген кейбір басшылардың орнына әділ де парасатты, қара басының ғана емес, елдің қамын ойлайтын, көреген азаматтардың отырғанын қалап едім…
Діннің атын жамылып, жеке басының пайдасын ойлағандар тәубеге келсе. Жол таппай шатасып жүрген азаматтарымыз, исламның ақ тұтқасын айнымай ұстап, Алланың ақ жолын таныса деп едім …
Байдың байлығына қызықпай, өзінің дүниелік мүлкін өзінен төмендермен бөлісетін, ал ілімін өзінен жоғарылармен салыстыратын ізгі қазақ балаларының көбейгенін қалар едім. Елбасы арман еткен отыз елдің төбесінде төменге көз салып, ел игілігіне еңбек еткен қазақ жастары көбейгенін қалап едім…
Ата-ананың айтқанын «ту-тулеп» әзер істейтін жастардың ата-ананың ең жоғары құрметке ие екенін түсініп, сый-құрмет көрсеткенін, сыйлағанын, оларға қорған болғанын қалап едім…
Сол секілді ата-ананың да баласына деген сүйіспеншілігі артып, оның өмірде өз жолын адаспай тауып, өз соқпағын салуда тура жолға бағыттаса, қазақтың тілін, ділін, салт-дәстүрін құрмет тұтқан азамат тәрбиелеуде қателеспесе деп едім …
Бұл менің бірқатар армандарым. Армандарға қол жеткізу үшін, ең алдымен, ел жастарының жаңа заман келбетіне еліктеп, уақытын бос нәрсемен өткізгенін емес, ілім іздеп, «елім» деген бозбала мен «жерім» деген бойжеткенді көруім қажет.
Мен ұстазбын. Жас өренге бағыт сілтеп, жөн көрсетушімін. Сондықтан да жастарға жол сілтеп, ақ пен қараны айыра білуге үйрету – менің азаматтық әрі ұстаздық борышым.
Менің мақсатым, қазақтың ұлттық құндылықтарын бойына жинап, өткен тарихтан сабақ ала білетін, асылдарын ардақтап, ата өсиетіне құлақ түре білетін саналы азамат тәрбиелеу. Қазақтың қара жүгін арқалаған, ұлтының болашағы үшін тайсалмай, дауылға да, желге де қасқайып қарсы тұра білетін тұлға қалыптастыру. Себебі болашақ – жастардың қолында.
Шүкір, тәуелсіздік алғаннан бері алған асуларымыз бен бағындырған белестеріміз баршылық. Алдағы уақытта да Қазақстанның көк байрағын заңғар көкте желбіретіп, ел мерейін үстем етер озық ойлы, қыран қанатты жастарымыздың қатары көбейетініне, 2017 жылғы әлем көз тіккен «EXPO — 2017» көрмесінде талайды тамсандырар қазақ ұландарының көптеп шығарына сенімім кәміл.
Алла нәсіп етсе, бұл армандарым жерде қалмас. Әрбірінің өз кезегімен орындаларына шын жүректен сенімдімін. Және сол үшін қолымнан келгенін жасайтын боламын.
Көк тудың желбірегені –
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай, Қазағым,
Бір сөзге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес
Маған керегі –
Көк тудың желбірегені, — деп көк тудың желбірегенін жан-тәнімен жырға қосқан қазақтың қара баласы Алмас Ахметбекұлы менің бүгінгі жүрек қалауымды нақ басқандай.

«Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елгонова Гулсим Нурмаханқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *