ШЫМКЕНТ ӘКІМІ АҚШ-ТЫҢ БАС КОНСУЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Эрик Майермен кездесті. Кездесу кезінде тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

АҚШ-пен қарым-қатынасты дамытуға және нығайтуға үлкен мән берілетінін айтқан қала әкімі Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған және осы жылдар ішінде шынайы дос ретінде әрдайым мемлекеттің дамуын қолдап келген ел екенін атап өтті.

«Біз үшін АҚШ — сенімді серіктес, жаһандық экономиканы дамытудың жетекші орталығы, тиімді басқару мен инновациялардың көшбасшысы. Америка Құрама Штаттары Нидерландыдан кейін Қазақстандағы екінші ірі инвестор саналады. Осы бағыттағы іскерлік қарым-қатынасты дамытуға әзірміз. Шымкент — Қазақстанның үшінші мегаполисі, елдің жетекші өндірістік және экономикалық орталықтарының бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шымкент қаласы ірі транзиттік дәліздерге арналған көлік хабына айналады»,-деді Е.Айтаханов.

Шымкентте бизнес климатты дамытуға барлық жағдай жасалғанын айтқан Ерлан Қуанышұлы американдық компанияларды қонақ үй, мейрамхана бизнесі мен ақпараттық технологиялар және құрылыс, жеңіл өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына инвестиция салуға шақырды. Сондай-ақ, ағылшын тілі әлемдік тіл екеніне тоқталған қала басшысы миллионды қала үшін өскелең ұрпақтың ағылшын тілін меңгергені маңызды екенін айтып, американдық инвесторлармен жекеменшік мектеп салу бойынша әріптестік орнатуға ниетті екенін айтты.

Өз кезегінде АҚШ-тың Бас консулы Қазақстанның іскерлік, мәдени, білім және ғылым орталығы болып табылатын, ал, Шымкенттің екі жақты байланыс үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, Э.Майер Е.Айтахановқа Шымкент қаласында қараша айында өтетін ІХ Орталық Азия сауда форумының ұйымдастырылуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Кездесу соңында тараптар екі ел халықтарының игілігі үшін барлық бағыттар бойынша екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

 

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *