Сарбаздар тілсіз жаудың алдын алды

Сарбаздар тілсіз жаудың алдын алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері өз міндеттерін орындай жүріп, тілсіз жаудың алдын алды. Жас сарбаздар қырағылығының арқасында, қала ортасында орын алуы мүмкін алапат өрт алдын ала ауыздақталды.

4-ротаның қатардағы мерген маманы әрі әскери жасақ бастығы Александр Артищев пен қатардағы атқыш Марғұлан Бектұрсын және қатардағы атқыш сарбаз Айжол Қамақов кеше кешкісін Шымкент қаласының қоғамдық тәртібін қадағалау қызметіне кіріскен болатын. Олар өздеріне бекітілген 38/2 бағыт бойынша келе жатып, жол жиегіндегі ағаштар арасынан көк түтін бықсып жатқанын байқайды. Радиобайланыс арқылы жедел түрде әскери жасақ бастығы – 4-ротаның 3-взвод командирі аға лейтенант Ердәулет Керімбековке хабарласып, жағдайды баяндайды.

Командир өз кезегінде тиісті органдарға хабарлап, төтенше жағдайдың алдын алу мәселесімен айналысып жатқанда әскери жасақ өкілдері де бұйрық күтіп, бей-жайлық танытпады. Яғни, қураған шөп пен жапырақ арасынан шыққан бықсыған түтін от алып, қызыл жалынға айнала бастағанын көрген жас жауынгерлер қолға түскен ағашты қалақ ретінде пайдаланып, өрттің өршуіне жол бермейді. Онымен қоймай, сол маңда асыр салып ойнап жүрген балаларды оттан әрі ойнауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігіне алаңдап, оқиға орнын қоршауға алады. Осылай әрекет етпесе, өрт өршіп үлкен шығын келтіру әбден мүмкін еді. Өйткені, жол жиегіне жақын жердегі гараждың шатырын қалың ағаш көмкерген болса, оның үсті қарақағазды шайырмен жабылған екен. Ал қарақағазды шайыр тез тұтанып, қызыл жалынға орануға бейім екендігін ескерсек он-он бес гараждың әп-сәтте күлге айналмасына кім кепіл. Тұрмыстық заттар мен сан түрлі көлік кіргізілген гараж бен оған жақын маңда тұрған 20-дан астам көлік отқа оранса, орасан зор шығын келетіні шүбәсіз.

Командир Е.Керімбековтің баяндауымен оқиға орнына №2 өрт сөндіру бөлімінің командирі старшина Нұрғали Нұрышов пен Еңбекші аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты А.Жарқынбай да келіп, өздеріне тиесілі міндет-мақсаттарын орындады. Алайда, алапат өрттің алдын алып, орасан зор шығынның бетін қайтарған жас сарбаздардың қырағылығы ерекше болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *