ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін облыс орталығындағы «Басқармалар үйі» ғимаратында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің отырысы өтті.
Іс-шараның мақсаты – ел бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуда медиация тетігін тиімді пайдалану, дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау.
Жиынды Түркістан қалалық сотының төрайымы, медиация кеңесі төрағасының орынбасары Айгүл Жаңбырбаева ашып, жүргізіп отырды. Кеңес отырысында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кабинетінің 2021 жылы атқарған жұмыстары талқыланды.
Басқосуға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы – этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Керімбеков, Түркістан облыстық прокуратурасының басқарма аға прокуроры Марат Ахметов, Түркістан облыстық Полиция департаментінің басқарма басшысының орынбасары Қалкен Темиров, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашев, Азаматтарға арналған үкімет КЕ АҚ мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы бойынша филиалының Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Жазира Әбдібай, Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Марат Оңласов, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысының орынбасары Ерназар Баетов және өңірдегі кәсіби медиаторлар қатысты.
Жиында сөз алған Айгүл Жаңбырбаева өркениетті елдерде бүгінде медиация институтына мықтап ден қойылып жатқанын, бұл ретте медиация ұғымы қазаққа да жат емес екенін тілге тиек етті.
– Соңғы жылдары ел аумағында медиацияға ерекше мән берілуі біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді. Өркениетті қоғамның іргесі заң болса, тұғыры – құқық. Медиация дегенде ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Түркістан облысында Ассамблея жанынан медиация кабинеті ашылып, медиация кеңесі белсенді жұмыс істеуде. Облысымыздың қала мен аудан аумағындағы кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлардың ықпалымен дау-дамайларға нүкте қойылып, тараптар өзара келісімге келуде, – деді Айгүл Махмұтқызы.
Келелі жиында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің эксперт-медиаторы Дана Кенжеқұлова облыстық ҚХА жанындағы медиация кабинетінің 2021 жылы атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Сондай-ақ отырыста Медиация кеңесінің құрамындағы өзгерістер жайы талқыланды.
Жиында белгілі болғандай, бүгінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аудан, қалаларда 19 медиация кабинеті жұмыс істейді. Оларда 17 кәсіби, 39 кәсіби емес медиатор азаматтарға құқықтық көмектер, даулы мәселерді сотқа дейінгі шешу жұмыстарымен айналысады. Былтыр ҚХА мен Түркістан облыстық және аудандық соттармен бірлесе, облыс көлемінде медиация институтын дамытуға бағытталған 28 іс-шара (18 «дөңгелек үстел» отырысы, 10 семинар) өткізіліп, оған 1500-ге жуық адам қатысқан. Медиаторлардың қатысуымен ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижиесінде 1366 дау медиация рәсімі арқылы сотқа дейінгі және сот барысындағы тәртіппен, оң шешілді.
Кездесу барысында қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.
Кеңес отырысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы – этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Керімбеков этномәдени бірлестіктердің жетекшілері аймақтарға шығып, түйткілді мәселелерді шешуге және медиация жұмысын жандандыруға өзіндік үлесін қосып, белсенділік танытуы керектігін айтты.
Жиын соңында А.Жаңбырбаева өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатындығын жеткізіп, облыс бойынша барлық медиация орталығымен әріптестік байланыс орнатылғанын атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *