ТҮРКІСТАН: БОКСТАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: БОКСТАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ
Түркістан қаласында бокстан жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі өтті. Биылғы чемпионат КСРО-ның спорт шебері Марат Пазілбековтің құрметіне арналды. Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен ашылу салтанатында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары жетістіктер және спорт бөлімінің басшысы Арман Мырзабаев қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Байрақты бәсекеге өңіріміздің барлық аймағынан іріктелген 15 команда, 300-ден астам спортшы қатысып, жеңімпаздарды анықтады. Олар 20 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды. Жарыстың бас төрешісі, АIBA-ның халықаралық дəрежедегі төрешісі Дулат Оразбекұлы бұл чемпионатта жас ұландардың шеберлігі артып, ірі додаларға іріктелетінін, бәсекелестік жоғары екенін жеткізді.
Сайысты Түркістан облысының Əбдісалан Нұрмаханов атындағы балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі ұжымы ұйымдастырды. Облыс біріншілігінде Түркістан, Арыс қалалары мен Сайрам, Сарыағаш, Бәйдібек және өзге де аудандардың өрендері мен облыстық спорт мектептерінің сайыпқырандары шеберліктерінің жоғары екенін дәлелдеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *