ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МУЗЕЙІ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ РУХАНИ ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛАДЫ

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МУЗЕЙІ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ РУХАНИ ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛАДЫ
Түркістанда бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи музейінің тұжырымдамасы жасалып жатыр. Оған түркістандық белгілі ғалымдар мен яссауитанушылар атсалысуда. Бұл рухани орталық Түркістанның ең маңызды әрі туристер жиі келетін орнына айналуы тиіс. Музейдің құрылысы мен даму бағытын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тікелей қадағалап келеді.


Заман талабына сай салынған сәулетті орталықта Қожа Ахмет Ясауидің тарихи болмысын, өмірі мен ілімін жаһанға өз деңгейінде танытып, ғұламаның терең зерттелген рухани мұраларын қою мақсаты көзделген. Жаңа музейдің қоры жасақталып, Ясауи мұралары мен шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері, көне қолжазбалар мен тарихи жәдігерлер жинақталып жатыр. Сондай-ақ Түркістан қаласында әлемнің түкпір-түкпірінде Ясауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ясауитанушылардың басын қосып, халықаралық конференция өткізу жоспары бар. Бұл туралы жаңа мұражайдағы жасақтау жұмыстарымен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.


Қ.А.Ясауидің тарихтағы орны мен қоғамды ізгілендіруге деген еңбегін жаһанға өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында салынған мәдени ошақтың жаңа тұжырымдамасымен танысқан облыс әкімі жоба жетекшілеріне бірқатар міндеттер жүктеді. Ұлы ойшылдың ел руханиятындағы орнын жоғары бағалайтын ол музейді бірегей жобаға айналдыру жолдарын көрсетіп, ой қосты. Мәні терең әрі құнды деректермен қамтылып, жалпы халықты рухани серпілтетін, тарихи танымын оятатын орталық болуы керектігін жеткізді. Жаңа музей ғұламаның іліміне сапар шегіп, күллі шығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған діни қайраткердің еңбектерін дәріптейтін мәдени ошақ болмақ.


Қожа Ахмет Ясауи музейінің аумағы – 3200 шаршы метр. Құрылысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, «Самұрық-Қазына» компаниясының тапсырысымен «Базис – А» компаниясы жүргізді. Ұлы тұлғаға арналған музейде 100 адам жұмыспен қамтылады.


Жалпы Түркістанды туризм орталығына айналдыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Түркістан қаласындағы туристік нысандар жайлы ақпараттар әлемдегі ең ірі http://xn--ripadviser-mwi.com/ саяхатшылар порталына енгізілді. Өңірге келетін қонақтар, туристермен жұмыс жүргізетін гид мамандарын даярлау ісі де жандана түсті.


Түркістан облысында туризм саласы тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм болып, 3 бағытта қарқынды дамып келеді. Тарихи орындар өте көп. Солардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи музейі де жұртшылық жиі келетін орынға айналады деген сенім мол.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *