ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Түркістандағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай республикалық оқушылар айтысы өтті. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы, Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімі, Оқушылар сарайы мен «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» бірлесе ұйымдастырған додаға Алматы, Қызылорда, Жамбыл және алыс-жақын аудан, қалалардан 12 жас айтыскер қатысты.
Аламан айтыстың басты мақсаты – қазақтың төл өнерін жастар арасында насихаттау, ұлттық бірегейлік сақтай отырып, өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу. Сахнаға шыққан 6 жұптың сөз саптауын Досалы Есет (Жамбыл), Бекмұрат Анарбаев, Балалар және жасөспірімдер орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі Емен Саметов бағалады. Ал айтысты түркістандық айтыскер Тұрар Тілеулиев жүргізді.
Айтысты ұйымдастыруға түрткі болған Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы: «Бүгін біздің сарайымызда халықтың төл өнері дәріптеліп, қазақтың қара домбырасының үні сайрап жатқаны мен үшін үлкен мәртебе. Жас балалардың тебіреніп, жырдан еркін шашу шашып отырғаны біздің егемендігіміздің арқасы екені рас. Осы орайда, баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта да төл өнерді насихаттауға бар күш-жігерімізді саламыз!» деді.
Екі сағатқа созылған айтыстың қорытындысы бойынша республикалық оқушылар айтысының жүлделі III орындарын Елсияр Құлахмет (Шымкент), Сапархан Аллажар (Шымкент), Даниял Болысбек (Отырар ауданы) иеленді. Ал II орынды Элдар Әмірхан (Қызылорда) және Тәңірберді Болат (Түркістан) өзара бөліссе, I орынды Айсұлу Жүнісбек (Жамбыл) иеленді. Ал бас жүлде Алматы облысынан келген Ақнұр Зинуллаға бұйырды. Оза шапқан дүлдүлдерді Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев марапаттады.
Айтысқа Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті демеушілік жасады, барлық айтыскер ақындарға арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *