Темір жол өкілдерінің айтуынша, еріктілер мәселені әу баста дұрыс түсінбеген. Көмектесейік, бірақ бес вагоннан артық тегін жеткізіп бере алмаймыз деген көрінеді

 Қуаңшылық жайлаған Маңғыстау облысына жем-шөп жеткізу қиын болып тұр. Түркістан облысында шөп орып батыс өңірге жөнелтпекші болған еріктілер кедергіге тап болдық деп дабыл қақты, деп хабарлады Sputnik.КЗ КТК. телеарнасына сілтеме жасап.
Мал азығын тиейтін әр вагонға тасымалдаушы компания 500 мың теңге төлеңдер деген талап қойған. Одан қалса темір жол бойында тұрғандарың үшін күніне 100 мың теңгеден бересіңдер деп доқ көрсетіп жатыр. Соның салдарынан қазір шөп тиелген 5 вагон  жіпсіз байланып, тағы сонша шөп шойын жол бойында жатыр. Жұт жайлаған өңірге көмек көрсетпек болған белсенді азаматтардың тасымалдауға төлейтін қаржысы жоқ.

Қуаңшылықтан малы арам қатқан батыс өңіріне шөп жинап жүрген еріктілерге теміржол тасымалдаушысы осыдан бес күн бұрын хабарласыпты. Олар қанша вагон қажет болса да, ақысыз шөп жеткізу біздің мойнымызда деп сендірген. Осыдан кейін еріктілер шөп тиелген бес вагонды жөнелтіпті. Бірақ арада үш күн өткенде қайырымды көрінген теміржолшылар сөзінен тайды дейді белсенді азаматтар.

«Кеше осы бес вагонды жіберейік десек, ол бұйрық өзгеріп кетті, бес вагонның әрқайсына 500 мыңнан артық ақша төлейсіңдер деді. Оның тұрғанына екі тәуліктен асып кетті, жай тұрғаны үшін бір вагонға 100 мың теңгеден төлейсіңдер деп жатыр. Бізді есепке қойғанын, ақшасы өсіп жатқанын жеткізді», — дейді ерікті Мұрат Солтанбай.

Еріктілер теміржолшылардың сөзіне сеніп шөпті көп алып қойдық дейді. Тиеліп дайын тұрған бес вагоннан бөлек, жанында жантақ, сабан, қамыс пен жоңышқаның тағы да бес вагонға сиятын бумалары жатыр. Ел аударған ақшаға шөпті сатып алу, аудандардан жеткізу мен жүкшілердің еңбегін төлеп жүрген еріктілер егер жол шығынын төлер болсақ, шөп алатын  ақша қалмайды деп отыр.

«Менде тағы 7 миллион теңге ақша бар. Енді осы қаражатқа шөп жіберуіміз керек. Мына вагондарға ақша алатын болса, қаражаттың барлығы кетейін деп тұр. Одан кейін шөп жіберу жұмысы тоқтап қалама деп уайымдап отырмыз. Ақшасын төлеп, жібере беретін шығармыз», — дейді ерікті Сайлаубай Мейірбеков.

Ал темір жол өкілдері еріктілер мәселені әу баста дұрыс түсінбеген деп отыр. Көмектесейік, бірақ бес вагоннан артық тегін жеткізіп бере алмаймыз депті. Ал вагондардың тұрғаны үшін ақша төлеу заңды нәрсе деп түсіндірді.

«Мен оған уәде бермедім, жақсы, көмектесуіміз мүмкін дедім. Қолымда ондай жауапкершілік алуға өкілеттік жоқ. Қазір «ҚазТеміртранс» өкілдері шешіп жатыр, экспедиторлар табамыз, олар рәсімдеуге келісім берсе, онда болады», — деп түсіндірді «Қазақстан темір жолы- жүк тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Марат Ибраев.

Онсыз да елдің ақшасына жиылған шөпке бірер вагон беру алпауыт компанияға ауыр мәселе сияқты. Еріктілер қазір 10 вагонға сиятын шөп жөнелтуге дайын дейді. Төрт түлігі аштан қырылып жатқан Маңғыстау өңіріне көмек көрсетеміз деген ел жем-шөбін әлі де әкеліп жатыр. Бірақ ол шөп батыс өңірге жөнелтілмек түгілі, вагондарға артылмай тау болып үйіліп жатыр.

https://sputnik.kz/society/20210716/17617845/Mangystau-shop.html

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *