ШЫМКЕНТТЕГІ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНА ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕГІ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНА ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс төртінші сессиясында депутаттар Әл-Фараби ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Рашид Мамытұлы Мыңбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Сессия жұмысына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов аудан әкімі лауазымына ұсынылған Рашид Мамытұлы кандидатурасына қолдау көрсеткендері үшін халық қалаулыларына алғыс білдірді. Сонымен бірге жаңа аудан әкіміне жүктелген міндетті жоғары кәсіби дәрежеде жүзеге асыратынына сенім білдіре отырып, Ескі қалашық жобасы мен Д.Қонаев даңғылы жалғасының құрылыстарында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Рашид Мыңбаев 1981 жылы ОҚО Бәйдібек ауданы Шаян ауылында дүниеге келген. Білімі — жоғары, мамандығы-заңгер, экономист, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі.

Еңбек жолын 2002 жылы ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілерді кодификациялау және жүйелеу басқармасындағы нормативтік-құқықтық актілерді кодификациялау бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 2006-2007 жылдары заңға тәуелді актілерді сараптау басқармасы бастығының орынбасары – ҚР Әділет министрлігі Заңға тәуелді актілер департаментінің қорғаныс, құқық тәртібі және сыртқы байланыс мәселелері бойынша актілерді сараптау бөлімінің басшысы лауазымын атқарды.

2007 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсіп, 2009 жылы «мемлекеттік және жергілікті басқару» магистрі атанды. Рашид Мыңбаевтың қызметтік жолы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, көмекшісі, кейіннен қоғамдық қатынастар мониторингі бөлімінің меңгерушісі қызметтерімен жалғасты.

Сонымен қатар, 2016-2019 жылдары Кентау қаласы әкімінің орынбасары, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы болды. 2020 жылдан бүгінгі күнге дейін қала әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Сессияның күн тәртібінде сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің дербес құрамына өзгеріс енгізу мәселесі қаралды.

Сессия соңында қала басшысы барлық депутаттарға санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша тұрғындарға үндеу жасауды айтып, бірлесе жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *