ШЫМКЕНТ: 30 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫННЫҢ КОММУНАЛДЫҚ ШЫҒЫНЫ ӨТЕЛЕДІ

ШЫМКЕНТ: 30 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫННЫҢ КОММУНАЛДЫҚ ШЫҒЫНЫ ӨТЕЛЕДІ

Шымкент қаласында төтенше жағдай кезеңінде халықтың коммуналдық қызметтерінің шығындарын өтеу туралы 28 236 азаматтың өтінімі мақұлданған. Осы мақсатта арнайы Call-орталығы ашылған болатын. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мамандарының айтуынша, аталған орталыққа 35 мыңға жуық адам қоңырау шалып, ақпараттық кеңес алған.

Төтенше жағдай кезеңінде халықтың коммуналдық қызметтерінің шығындарын өтеп беру қызметіне сәйкес мамыр-маусым айындағы жоспарланған 527 миллион теңге толығымен игеріліп, 17 566 тұрғынның дербес есепшоттарына аударылған. Бұл бөлінген қаражаттар азаматтарға коммуналды қызмет беруші мекеме тарапынан берілген түбіртектерде маусым-шілде айларында көрінеді екен.

Сондай-ақ, қыркүйек айының соңына дейін 10 670 абонент бойынша коммуналдық қызмет көрсететін мекемелерге 320,1 миллион тенге аударылады.

Коммуналдық мекеме қызметкерлері аударылған төлемдерді абоненттердің дербес шотына жеке-жеке жіберетін болғандықтан, түбіртектегі ақпараттар жеке шоттарда есептелгеннен кейін ғана көрінетін болады.

Айта кетейік, биыл 21 сәуір — 25 маусым аралығында communal-komek.kz ақпараттық жүйесіне 34 171 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 1,2,3 топтағы мүгедектер – 10 858; ҰОС мегедектері мен қатысушылары – 800; мүгедек балаларды тәрбиелеуші отбасылар – 1680; көпбалалы отбасылар – 12080; ең төменгі және аз зейнетақы алатын, жалғызбасты зейнеткерлер – 4842; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, құқық тәртібін қорғау, әскери қызметін орындау кезінде қайтыс болған адамдардың отбасылары – 83, атаулы әлеуметтік көмек алатындар – 3828.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *